Денсаулық

Жарнаны кім төлейді: мемлекет пе, өзің бе?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

Елімізде 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Осыған орай елімізде  республикалық науқан өткізіліп жатыр. Әрбір тұрғын өзі қаралатын емханаға барып, қай санатқа жататынын анықтап алуы  керек. Бұл — жарнаны кім төлейтінін, яғни мемлекет пе немесе өзі ме, соны анықтауға мүмкіндік береді.

Республикалық науқан мамыр айының соңына дейін жалғасады. Бұл шара келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап, жүйенің ешқандай кедергісіз жұмыс істеп кетуі үшін жасалып жатыр. Тұрғындар медициналық көмек алуы үшін науқан аясында өз санатын анықтауға асығуы тиіс.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, әрбір азамат қандай санатқа жататынын, қандай көмекті тегін алатынын білуі тиіс. Егер ешқандай санатқа жатпаған болса, жұмыспен қамту орталығына баруы керек. Ал ауылдағы азаматтар ауылдық округ әкімшілігіне баруы тиіс.

Сақтандыру жүйесі  жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, мекенжайына, табысына қарамастан, Қазақстанның барлық азаматтарына медициналық және дәрілік көмекке бірдей қолжетімділікке кепілдік береді. Сақтандырылған азаматтар мынадай медициналық қызмет түрін  ала алады. Олар — амбулаториялық-емханалық көмек (бастапқы медициналық-санитарлық, кеңес беру және диагностикалық көмек), стационарлық көмек, стационарды алмастыратын көмек, жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетулер. Амбулаториялық-емханалық, стационарлық, стационарды алмастыратын көмек кезінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша  дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету көзделеді.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы» Заңға сәйкес, төлем жасайтын азаматтардың 15 санаты  қорға жарна төлеуден босатылады.

Оның ішінде 12-сі — халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен бірге әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері болмақ. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататын балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, І-ІІ дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан азаматтар жарна төлемейді. Сондай-ақ техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейін жоғары білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде, резидентурада оқып  жатқан азаматтар және үш жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырған аналар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, уақытша ұстау,  тергеу изоляторларындағы азаматтар да жарнадан босатылады. Бұлардың барлығы мемлекет есебінен тегін көмек алады.

Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Бұрын мемлекет есебінен жүзеге асырылған тегін медициналық қызмет түрлері аталған сақтандыру жүйесі арқылы орындалады. Міндетті медициналық сақтандыру кез келген тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Оның басты маңыздылығы да сонда. Медициналық сақтандыру ең алдымен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған аурухана мен емханадағы дәрігеріне барып, емделуге мүміндік алады.

Ал медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны сөзсіз. Бәсекелестік медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады.

Сақтандыру жүйесін енгізу  жалпы тәжірибе дәрігерлерінің жүктемесін азайтады.

Сондай-ақ жүйені енгізу үшін мынандай  шаралар  іске асырылады:

— сапа бойынша бірлескен комиссия құру, үкіметтік емес ұйымдарды тарту арқылы басқару саласындағы функцияларды қайта бөлу;

—  қор тарапынан сараптау функциясын күшейту;

— медициналық қызмет көрсететін мекемелер  арасында бәсекелестіктің одан әрі дамуына жағдай жасау, бұл өз кезегінде сапаның артуына әкеледі;

— сапа индикаторларын қор мен медициналық қызмет көрсетулерді жеткізушілер арасындағы шарттарға енгізу.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button